Armeta Мемсараптаманың серіктесі атандыМақаланы оқу
Armeta
Armeta Смета

Armeta Smeta бұлттық бағдарламалық платформасына қолжетімділік беру туралы жария оферта

Күшіне ену күні: Жеткізушінің сайтында орналастырылған сәттен бастап

Осы құжат «Armeta AI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі — «Жеткізуші») заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге (бұдан әрі — «Клиент») арналған жария офертасы болып табылады және Armeta Smeta бұлттық бағдарламалық платформасына (бұдан әрі — «Платформа») қолжетімділік беру шарттарын айқындайды.

Осы Офертаны акцептеу 2-бөлімде көрсетілген әрекеттерді жасау арқылы жүзеге асырылады және Клиенттің осы Офертаның талаптарымен толық әрі сөзсіз келісетінін білдіреді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шартты жазбаша нысанда жасасу деп есептеледі.

1. Терминдер мен анықтамалар

Осы Офертаның мақсаттары үшін мынадай терминдер пайдаланылады:

«Платформа» — Software-as-a-Service (SaaS) моделі бойынша жұмыс істейтін, смета ісін автоматтандыруға, командалардың нақты уақыт режимінде бірлесіп жұмыс істеуіне, тарихи сметалық деректерді (оның ішінде KENML, XML, Excel форматтарын) импорттауға және машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу алгоритмдерін және жасанды интеллекттің өзге де технологияларын пайдалана отырып жобалық құжаттама мен сызбалардан жұмыс және материал көлемдерін автоматтандырылған түрде алуға, сондай-ақ сметалық құжаттама мен есептерді қалыптастыруға арналған «Armeta Smeta - веб-система автоматизации сметного ценообразования в строительстве» бұлттық бағдарламалық шешімі;

«Қызметтер» — Клиентке Платформаға, оның функционалдығына, есептеу ресурстарына, деректерді өңдеу нәтижелеріне, сондай-ақ Платформаның жұмысын қамтамасыз ететін ілеспе сервистерге жұмыс орны үшін жазылым моделі бойынша қашықтан қолжетімділік беру;

«Клиент деректері» — Клиент Платформаны пайдалану кезінде жүктейтін, беретін немесе жасайтын кез келген деректер, оның ішінде, бірақ олармен шектелмей: жобалық, техникалық, сметалық құжаттама (оның ішінде жергілікті және объектілік сметалар, жұмыс көлемдерінің тізімдемелері және спецификациялар), смета бағдарламаларының файлдары және өзге де файлдар, сызбалар, есептеулер, кестелер, мәтіндер, дербес деректер, сондай-ақ метадеректер және оларды өңдеу нәтижелері;

«Анонимдендірілген деректер» — Клиентті, оның қызметкерлерін, жобаларын не контрагенттерін тікелей немесе жанама сәйкестендіруге мүмкіндік беретін белгілері алынып тасталған немесе қайтымсыз өзгертілген деректер, бұл ретте мұндай сәйкестендіруді ақылға қонымды құралдармен қалпына келтіру мүмкін болмауы шарт;

«Агрегатталған деректер» — Клиент деректерінің негізінде қалыптастырылған, нақты Клиентті, Пайдаланушыны, жобаны немесе объектіні сәйкестендіруге мүмкіндік бермейтін статистикалық, талдамалық немесе өзге де жинақталған деректер;

«Қауіпсіздік инциденті» — Платформаның жұмыс істеуі шеңберінде орын алған, Клиент деректеріне рұқсатсыз қол жеткізудің, оларды ашудың, өзгертудің, жоғалтудың не өзгедей бұзудың (компрометациялаудың) расталған жағдайы;

«Пайдаланушы» — Платформаға Клиенттің атынан және мүддесі үшін қолжетімділік алған (оның ішінде Клиенттің сметашылары, инженерлері және өзге де қызметкерлері, өкілдері мен мердігерлері), осы шарттың дербес тарапы болып табылмайтын жеке тұлға.

2. Офертаны акцептеу және шарт жасасу

2.1. Осы Офертаны акцептеу Клиенттің мынадай әрекеттердің бірін немесе бірнешеуін жасауы арқылы жүзеге асырылады: Платформада есептік жазбаны тіркеу, Платформаның функционалдығын іс жүзінде пайдалана бастау, Қызметтерге ақы төлеу не Платформаны пайдалану ниетін айқын куәландыратын өзге де конклюденттік әрекеттер жасау.

Платформада тіркеле отырып, тіркеу нысанында өз деректерін көрсететін әрбір жеке тұлға (Клиенттің өкілі немесе Пайдаланушы):

  • Платформамен және Жеткізушімен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде және мақсаттарда Жеткізушіге өзінің дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісім береді;
  • өзінің дербес деректерін оларды өңдеу мақсатына қол жеткізілгеннен кейін (яғни Платформамен және Жеткізушімен өзара іс-қимыл тоқтатылғаннан кейін) 3 (үш) жыл мерзімге кейіннен мұрағаттық сақтауға келісім береді;
  • өзінің дербес деректерін оларды өңдеу және кейіннен сақтау кезеңінде үшінші тұлғаларға беруге және трансшекаралық беруге келісім береді;
  • Қызметтердің жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып көрсетілетіні туралы хабардар етілгенін, олардың сипаттамаларымен және шектеулерімен танысқанын растайды және өзінің деректері мен Клиент деректерін өңдеу кезінде жасанды интеллектіні пайдалануға келіседі.

2.2. Жеткізуші өзі үшін электрондық журналда күнді, уақытты, IP-мекенжайды, есептік жазбаны және қабылданған Офертаның редакция нөмірін тіркейді. Тараптар мұндай жазбаларды акцептің және оның мазмұнының жеткілікті дәлелі деп таниды. Акцептті жасайтын тұлға Клиенттің атынан әрекет етуге уәкілетті екенін растайды.

2.3. Осы Офертаны акцептеген сәттен бастап Жеткізуші мен Клиент арасында жазбаша шарттың заңды күші бар шарт жасалды деп есептеледі.

2.4. Клиент акцептке дейін осы Офертаның талаптарымен, Жеткізушінің Құпиялылық саясатымен, Armeta Smeta Платформасында жасанды интеллектіні қолдану туралы ақпаратпен, сондай-ақ Жеткізушінің сайтында және (немесе) Платформада орналастырылған өзге де құжаттармен танысқанын растайды және оларды ескертпесіз қабылдайды.

2.5. Клиент осы Офертаның талаптарымен келіспеген жағдайда, ол Платформаны пайдаланудан бас тартуға міндетті.

3. Шарттың мәні

3.1. Жеткізуші Клиентке осы Офертаның талаптарымен Платформаға, оның ішінде деректерді талдау, өңдеу және сақтау, сондай-ақ есептілікті қалыптастыру функционалдығына қолжетімділік береді.

3.2. Клиентке Қызметтер құрамында Платформаға шектеулі, айрықша емес, басқа тұлғаға берілмейтін қашықтан қол жеткізу құқығы беріледі, ол тек Платформаны пайдалану мерзімі ішінде және тек Клиенттің ішкі коммерциялық мақсаттары үшін қолданылады. Қолжетімділік беру бағдарламалық қамтылымға құқықтарды (оның ішінде мүліктік авторлық құқықтарды) беру болып табылмайды және оны қайта шығаруға, таратуға немесе қайта өңдеуге құқық бермейді.

3.3. Клиент Платформаға қолжетімділікті өзінің қызметкерлеріне, мердігерлеріне және оның мүддесінде әрекет ететін өзге де тұлғаларға, мұндай тұлғалар осы Офертаның талаптарын сақтаған жағдайда, беруге құқылы, бұл ретте Клиент олардың әрекеттері үшін өз әрекеттері үшін сияқты толық жауапты болады.

3.4. Осы Оферта Платформаға, оның құрамдас бөліктеріне немесе Жеткізушінің зияткерлік қызметінің нәтижелеріне айрықша құқықтарды беруді көздемейді.

3.5. Пайдаланушы осы шарттың дербес тарапы болып табылмайды және тек Клиенттің атынан және мүддесі үшін әрекет етеді.

3.6. Клиент Платформаға қолжетімділік берген барлық Пайдаланушылардың әрекеттері үшін, оның ішінде олардың осы Офертаның талаптарын сақтауы үшін, өз әрекеттері үшін сияқты жауапты болады.

3.7. Клиент Пайдаланушылардың осы Офертаның талаптарымен және Құпиялылық саясатымен танысуын, сондай-ақ олардың көрсетілген талаптарды сақтауын қамтамасыз етуге міндеттенеді.

3.8. Осы Оферта сондай-ақ Платформаны пайдалану қағидаларын белгілейді және Платформаға қолжетімділік пен оны пайдалану шарттарын реттейтін құжат (Terms of Use) болып табылады.

4. Санкциялық комплаенс

4.1. Осы Офертаның мақсаттары үшін «Санкциялар» — Америка Құрама Штаттары, Еуропалық одақ, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі енгізген, қолданатын немесе әкімшілендіретін экономикалық, сауда немесе қаржылық санкциялар, эмбарго және өзге де шектеу шаралары (оның ішінде экспорттық бақылау); «Санкциялық тұлға» — көрсетілген мемлекеттер мен ұйымдар жүргізетін кез келген санкциялық тізімге енгізілген не өзгедей Санкциялардың объектісі болып табылатын тұлға, сондай-ақ мұндай тұлғаға (тұлғаларға) тікелей немесе жанама түрде 50 (елу) және одан да көп пайызы тиесілі не оның (олардың) бақылауындағы тұлға немесе тұлғалар тобы.

4.2. Клиент осы Офертаны акцептеген күні және шарттың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде Клиенттің де, оның бенефициарлық меншік иесінің де, Пайдаланушылардың да Санкциялық тұлғалар болып табылмайтынын мәлімдейді және көрсетілген мәлімдеме дұрыс болмай қалса, Жеткізушіні дереу хабардар етуге міндеттенеді.

4.3. Егер Клиент, оның бенефициарлық меншік иесі немесе Пайдаланушы Санкциялық тұлға болып табылса, сондай-ақ егер Клиент тіркеу кезінде немесе шартты орындау барысында дұрыс емес, толық емес немесе жаңылыстыратын мәліметтер берсе, Жеткізуші есептік жазбаны тіркеуден бас тартуға не Платформаға қолжетімділікті толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға құқылы.

4.4. Жеткізуші кез келген уақытта Клиенттен Клиентті, оның бенефициарлық меншік иесін және Пайдаланушыларды Санкциялық тұлғаларға жатқызылуы тұрғысынан тексеру үшін қажетті мәліметтер мен құжаттарды (оның ішінде меншік құрылымы және бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді, құрылтай және тіркеу құжаттарын) сұратуға құқылы. Клиент сұратылған мәліметтер мен құжаттарды сұрау салуды алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде беруге міндеттенеді. Тексеру жүргізу кезеңінде Жеткізуші Платформаға қолжетімділікті тоқтата тұруға құқылы.

4.5. Егер: а) Клиент, оның бенефициарлық меншік иесі немесе Пайдаланушы санкциялық тізімге енгізілсе не өзгедей Санкциялық тұлғаларға айналса; б) Клиент осы Офертаның 4.4-тармағына сәйкес сұратылған мәліметтер мен құжаттарды белгіленген мерзімде бермесе не дұрыс емес мәліметтер берсе; в) Клиент осы Офертаның 4.2-тармағында көзделген мәлімдемені бұзса, Жеткізуші Клиентке хабарлама жіберілген күннен бастап шартты орындаудан біржақты соттан тыс тәртіппен бас тартуға және Клиент пен Пайдаланушылардың Платформаға қолжетімділігін тоқтатуға құқылы.

4.6. Осы бөлімде көзделген негіздер бойынша тіркеуден бас тарту, қолжетімділікті тоқтата тұру немесе шартты орындаудан бас тарту Жеткізушінің міндеттемелерді бұзуы болып табылмайды және Клиенттің осыған байланысты залалдары өтелмейді. Пайдаланылмаған толық айлар үшін төлемақыны қайтару осы Офертаның 5-бөлімінде белгіленген тәртіппен, мұндай қайтаруға Қазақстан Республикасының заңнамасы жол беретін шамада ғана жүзеге асырылады.

5. Коммерциялық шарттар және ақшаны қайтару

5.1. Қызметтердің құны Жеткізушінің сайтында және (немесе) Платформада орналастырылған не Жеткізуші мен Клиент арасында өзге тәсілмен, оның ішінде шот ұсыну арқылы келісілген жұмыс орны үшін жазылым тарифтеріне сәйкес айқындалады.

5.2. Тарифтер Платформаның жекелеген функцияларын, оның ішінде жасанды интеллект жүйелерінің функцияларын пайдалану кезінде сұрау салулар мен өңделетін деректердің шекті мөлшеріне шектеулер көздеуі мүмкін. Жеткізуші белгілі бір тарифтердің белгіленген шектеулерінен тыс Платформа функцияларының қосымша пакеттерін тегін не жеке ақыға беруге құқылы.

5.3. Қосымша пакеттерге ақы 5.4-тармақта көзделген тәртіппен, Платформада көрсетілетін шарттарда төленеді.

5.4. Төлем 100% (жүз пайыз) алдын ала төлеу шартымен қолма-қол ақшасыз нысанда ұсынылған шот негізінде Жеткізушінің есеп айырысу шотына ақша аудару арқылы не Платформа интерфейсінде қолжетімді төлем сервисі арқылы банктік төлем карточкасын пайдалана отырып, шотта немесе Платформа интерфейсінде көрсетілген мерзімдерде жүзеге асырылады.

5.5. Төлем бойынша міндеттеме ақша Жеткізушінің есеп айырысу шотына түскен сәттен бастап (банктік төлем карточкасымен төлеген кезде — төлем сервисі төлемді растаған сәттен бастап) орындалды деп есептеледі.

5.6. Төлем мерзімі өткен жағдайда Жеткізуші алдын ала хабарламай Платформаға қолжетімділікті толығымен немесе ішінара тоқтата тұруға, функционалдықты шектеуге не Клиенттің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды қолдануға құқылы.

5.7. Клиент жүргізген барлық төлемдер түпкілікті болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасында не осы Офертаның талаптарында, оның ішінде осы Офертаның 5.8–5.13-тармақтарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қайтарылмайды.

5.8. Төленген соманы толық (100%) қайтаруды Жеткізуші мынадай жағдайларда жүзеге асырады:

  • Жеткізуші тарапындағы техникалық іркіліс: төлем расталғаннан кейін сервистегі техникалық ақаулар себебінен Платформаға қолжетімділік Клиентке іс жүзінде берілмеген;
  • қате немесе қайталама төлем: ақша қате аударылған (есептен шығарылған) не бір қызмет/жазылым үшін төлем қайта жүргізілген (есептен шығарылған).

5.9. Клиент төленген кезең аяқталғанға дейін шартты орындаудан және Платформаны пайдаланудан біржақты тәртіппен бас тартуға құқылы. Қайтарылуға жататын соманы Жеткізуші мынадай қағидалар бойынша есептейді:

  • жылдық жазылым кезінде: қайтару қалған толық пайдаланылмаған айлардың санына пропорционалды түрде жүзеге асырылады; Жеткізуші өтінішті алған күнтізбелік ай пайдаланылған деп танылады және толық көлемде төленеді;
  • айлық жазылым кезінде: ағымдағы төленген ай үшін ақша қайтарылмайды; Платформаның функционалдығына қолжетімділік ағымдағы төленген кезеңнің соңына дейін Клиентте сақталады.

5.10. Мынадай жағдайларда ақша қайтарылмайды:

  • жазылымның төленген кезеңін Клиент іс жүзінде пайдаланған (осы Офертаның 5.9-тармағында көзделген жылдық жазылым кезіндегі есептеу қағидаларын қоспағанда);
  • Платформаға қолжетімділікті шектеу немесе бұғаттау Клиенттің осы Офертаның талаптарын бұзуынан, оның ішінде есептік деректерді үшінші тұлғаларға беруінен, декомпиляциялау, реверс-инжиниринг әрекеттерінен немесе Платформаны үшінші тарап жасанды интеллект жүйелерін оқыту үшін пайдалану әрекеттерінен туындаған;
  • талдау нәтижелерінің ұсынымдық сипатын ескере отырып (осы Офертаның 8-бөлімі), Клиенттің жасанды интеллект алгоритмдерінің жұмысынан күткен субъективті үміттерінің ақталмауы.

5.11. Ақшаны қайтаруды ресімдеу үшін Клиент Жеткізушінің осы Офертаның 14.2-тармағында көрсетілген электрондық пошта мекенжайына өтініш жібереді. Өтініште мыналар болуға тиіс:

  • Клиенттің атауы және БСН / ЖСН;
  • тапсырыстың (шоттың) нөмірі және төлем күні;
  • өтініш берудің себебі (техникалық қате болған кезде растайтын скриншоттар немесе чектер қоса беріледі);
  • Клиенттің банктік деректемелері (шот бойынша төлеген кезде).

5.12. Жеткізуші өтінішті ол алынған сәттен бастап 10 (он) күнтізбелік күнге дейінгі мерзімде қарайды. Оң шешім қабылданған кезде Жеткізуші қайтарылатын соманы шешім қабылданған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде аударады.

5.13. Қайтару төлем жүргізілген банктік төлем карточкасына немесе банктік шотқа жүргізіледі. Ақшаның нақты түсу мерзімі банктің регламентіне байланысты және әдетте 3 (үш) банктік күннен 10 (он) банктік күнге дейінгі мерзімді құрайды.

6. Платформаның функционалдығы және оны өзгерту

6.1. Платформа сметаларды жасауға және тексеруге, сметалық құжаттаманы бірлесіп редакциялауға, бұрын дайындалған сметалық деректерді импорттауға және сызбалар мен жобалық құжаттамадан жұмыс көлемдерін автоматтандырылған түрде алуға арналған. Платформа веб-браузер арқылы жұмыс істейді және бағдарламалық қамтылымды немесе аппараттық қорғау кілттерін жергілікті орнатуды талап етпейді.

6.2. Жеткізуші өз қалауы бойынша Платформаны, оның ішінде алгоритмдерді, архитектураны, пайдаланушы интерфейсін және функционалдық құрамын өзгертуге, жаңартуға, модификациялауға және жетілдіруге құқылы.

6.3. Егер Платформаның жалпы мақсаты сақталса, мұндай өзгерістер Жеткізушінің міндеттемелерін бұзу болып саналмайды.

6.4. Жеткізуші Платформаның үздіксіз және қатесіз жұмыс істеуіне кепілдік бермейді, алайда оның қолжетімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақылға қонымды шаралар қабылдайды.

7. Зияткерлік меншік

7.1. Платформаға, оның ішінде бағдарламалық кодқа, архитектураға, машиналық оқыту алгоритмдеріне, модельдерге, салмақтарға, параметрлерге, оқыту іріктемелеріне, дерекқорларға және өзге де элементтерге барлық айрықша құқықтар Жеткізушіге тиесілі.

7.1-1. Платформа «Armeta Smeta - веб-система автоматизации сметного ценообразования в строительстве» ЭЕМ-ге арналған бағдарламасы болып табылады, ол туралы мәліметтер авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне енгізілген (2026 жылғы 8 шілдедегі № 76310 куәлік).

7.2. Клиент Платформаны пайдаланудың шектеулі құқығын қоспағанда, көрсетілген объектілерге ешқандай құқық иеленбейді.

7.3. Платформаны осы Офертада көзделмеген кез келген пайдалану Жеткізушінің құқықтарын бұзу болып саналады.

8. Платформа жұмысының ерекшеліктері және кепілдіктерді шектеу

8.1. Клиент Платформаның машиналық оқытудың ықтималдық алгоритмдері негізінде жұмыс істейтінін, олардың жұмыс нәтижелері толығымен болжамды немесе кепілді түрде дәл бола алмайтынын түсінеді және келіседі.

8.2. Жеткізуші көлемдерді алудың толықтығына және абсолютті дәлдігіне, жұмыстарды, материалдарды және бағаларды жіктеуде қателердің болмауына, нәтижелердің мемлекеттік органдардың талаптарына сәйкестігіне немесе сараптаманың оң қорытындысын алуға кепілдік бермейді.

8.3. Деректерді өңдеу нәтижелері тек талдамалық және ұсынымдық сипатта болады және ресми сараптамалық қорытынды болып табылмайды. Көлемдерді автоматтандырылған түрде алу нәтижелері жоба нұсқасы ретінде қалыптастырылады және Клиенттің білікті сметашысының міндетті түрде жол-жолымен бақылауын және бекітуін талап етеді.

8.4. Клиент Платформа жұмысының нәтижелері негізінде шешімдерді дербес қабылдайды және мұндай шешімдерге байланысты барлық тәуекелдерді көтереді.

8.5. Жеткізуші сметалық және жобалық құжаттаманың мемлекеттік, кешенді ведомстводан тыс немесе өзге сараптамадан өтуіне, сондай-ақ осындай сараптама нәтижелері бойынша оң қорытынды алуға кепілдік бермейді.

8.6. Платформада пайдаланылатын сметалық-нормативтік база ашық дереккөздерден алынған Қазақстан Республикасының жария нормативтік құжаттарына негізделген. База уәкілетті мемлекеттік органдар бекіткен ресми нормативтік құжаттардан қалыптастырылады; баға жинақтары және үшінші тұлғалардың өзге де материалдары тек олардың құқық иеленушілерінің лицензиясы негізінде пайдаланылады.

8.7. Қолдау қызметі арқылы жіберілген Клиенттің сұрау салуы бойынша Жеткізуші 10 (он) жұмыс күні ішінде Платформа жұмысының нақты нәтижесіне әсер еткен негізгі факторларды түсіндіреді. Түсініктемеге бастапқы код, архитектура, модельдердің салмақтары мен параметрлері, оқыту іріктемелері және Жеткізушінің коммерциялық құпиясын құрайтын әдістемелер енгізілмейді.

9. Деректерді пайдалану және машиналық оқыту

9.1. Жеткізуші Клиент деректерін тек Қызметтерді көрсету мақсатында пайдаланады. Платформаны тестілеу, валидациялау және жетілдіру үшін Жеткізуші осы Офертаның 9.2–9.3-тармақтарына сәйкес тек анонимдендірілген және агрегатталған деректерді пайдаланады.

9.2. Жеткізуші деректерді анонимдендіруге және агрегаттауға құқылы. Клиент Жеткізушіге Клиент деректерін Қызметтерді көрсету үшін қажетті көлемде пайдалануға, сондай-ақ анонимдендірілген Клиент деректерін Платформа модельдерін оқыту, тестілеу және олардың дәлдігін арттыру үшін пайдалануға айрықша емес мүліктік құқықтар береді. Клиент жүктелетін материалдарға құқықтары бар екенін және құқық иеленушінің оларды жасанды интеллектіні оқыту үшін пайдалануға тыйым салмағанын растайды.

9.3. Анонимдендірілген және агрегатталған деректер Клиент деректері болып саналмайды және Жеткізуші оларды шектеусіз пайдалана алады.

9.4. Модельдерді оқыту нәтижелері, оның ішінде салмақтар, параметрлер және статистикалық заңдылықтар, сәйкестендірілетін ақпаратты қалпына келтіру мүмкіндігі болмаған жағдайда Клиент деректері болып саналмайды.

9.5. Жеткізуші шарт тоқтатылғаннан кейін мұндай нәтижелерді жоюға міндетті емес.

9.6. Жеткізуші Клиент деректерін сатпайды және оларды маркетингтік мақсаттарда пайдаланбайды.

10. Үшінші тұлғалардың материалдары

10.1. Клиент деректерді Платформаға беру үшін қажетті барлық құқықтар мен рұқсаттардың болуына кепілдік береді.

10.2. Клиент үшінші тұлғалардың құқықтарын сақтау үшін жауапты болады.

10.3. Жеткізуші деректердің шығу тегінің заңдылығын тексеруге міндетті емес және үшінші тұлғалардың наразылықтары үшін жауапты болмайды.

11. Пайдалануды шектеу

11.1. Клиент декомпиляциялауды, реверс-инжинирингті жүзеге асыруға, модельдер мен алгоритмдерді алуға, есептік деректерді үшінші тұлғаларға беруге, Платформаны бәсекелес шешімдер жасау үшін не үшінші тарап жасанды интеллект жүйелерін оқыту үшін пайдалануға құқылы емес.

11.2. Көрсетілген шектеулерді кез келген бұзу осы Офертаны елеулі бұзу ретінде қаралады және Платформаға қолжетімділікті тоқтата тұруға немесе шартты бұзуға негіз болуы мүмкін.

12. Ақпараттық қауіпсіздік және деректерді қорғау

12.1. Жеткізуші Платформаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Клиент деректерін рұқсатсыз қол жеткізуден, өзгертуден, ашудан, бұғаттаудан, көшіруден, таратудан, сондай-ақ өзге де заңсыз әрекеттерден қорғауға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін қолданады.

12.2. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде Жеткізуші, оның ішінде, мынадай шараларды іске асырады:

  • заманауи криптографиялық хаттамаларды пайдалана отырып, беру кезінде деректерді шифрлау;
  • пайдаланушыларды аутентификациялау және авторизациялау тетіктерін, оның ішінде көпфакторлы аутентификацияны (қолданылатын жағдайда) пайдалану;
  • пайдаланушылардың рөлдеріне байланысты қолжетімділік құқықтарын саралау;
  • пайдаланушылар әрекеттерінің және жүйелік оқиғалардың журналдарын жүргізу;
  • жүйенің жай-күйін мониторингтеу және аномальды белсенділікті анықтау;
  • рұқсатсыз қол жеткізуден және желілік шабуылдардан қорғау құралдарын қолдану;
  • деректердің тұрақты резервтік көшірмесін жасау және оларды қалпына келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ету.

12.3. Клиент деректеріне қолжетімділік тек осы Офертаны орындау үшін мұндай қолжетімділік қажет Жеткізушінің қызметкерлері мен мердігерлеріне, олар құпиялылық міндеттемелерін және ақпаратты қорғау жөніндегі талаптарды сақтаған жағдайда беріледі.

12.4. Жеткізуші Платформаны орналастыру үшін пайдаланылатын инфрақұрылымның физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар, оның ішінде қорғалған деректер орталықтары мен бұлттық сервистерді пайдалану шараларын қабылдайды.

12.5. Жеткізуші дербес деректерді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, оның ішінде деректерді локализациялау жөніндегі талаптарға сәйкес сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте Клиент Платформаның жұмыс істеуі үшін деректерді шифрланған түрде сертификатталған шетелдік бұлттық сервистерге (оның ішінде үлестес тұлғаларды тарта отырып ұсынылатын сервистерге) тек оларды автоматтандырылған өңдеу үшін, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты сақтамай, уақытша (транзиттік) беруге жол берілетінін түсінеді және келіседі.

12.6. Қауіпсіздік инциденті анықталған жағдайда Жеткізуші:

  • инциденттің салдарын оқшаулау және жою бойынша шаралар қабылдайды;
  • Клиентті негізсіз кідіріссіз, бірақ кез келген жағдайда мұндай инцидент анықталған сәттен бастап 48 (қырық сегіз) сағаттан кешіктірмей хабардар етеді;
  • қажет болған жағдайда инциденттің сипаты, зардап шеккен деректердің санаты және қабылданған ден қою шаралары туралы ақпарат береді.

12.7. Клиент өзінің есептік деректерінің, оның ішінде логиндердің, құпиясөздердің және аутентификация құралдарының қауіпсіздігін дербес қамтамасыз етуге міндеттенеді, сондай-ақ олардың бұзылуы (компрометациялануы) салдарларының тәуекелін көтереді.

12.8. Жеткізуші мыналардың салдарынан туындаған инциденттер үшін жауапты болмайды:

  • Клиенттің қауіпсіздік талаптарын бұзуы;
  • Платформаны осы Офертаның талаптарын бұза отырып пайдалану;
  • Жеткізушінің бақылауынан тыс инфрақұрылымдағы осалдықтар немесе іркілістер;
  • Жеткізушімен байланысы жоқ үшінші тұлғалардың әрекеттері.

12.9. Жеткізуші технологиялардың және ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің дамуын ескере отырып, Платформаның жалпы қорғалу деңгейі сақталған жағдайда, Клиенттің келісімінсіз қауіпсіздік шараларын мерзімді түрде қайта қарауға және жаңартуға құқылы.

13. Құпиялылық

13.1. Тараптардың әрқайсысы осы Офертаны орындау шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге және заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпаратты екінші Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға ашпауға міндеттенеді.

13.2. Құпиялылық жөніндегі міндеттемелер мынадай ақпаратқа қолданылмайды:

1) жалпыға қолжетімді болып табылатын;

2) үшінші тұлғалардан заңды түрде алынған;

3) Тарапқа оны алғанға дейін белгілі болған;

4) дербес әзірленген.

13.3. Құпиялылық жөніндегі міндеттемелер шарттың қолданылу мерзімі ішінде және ол тоқтатылғаннан кейін 3 (үш) жыл бойы күшін сақтайды.

14. Деректемелер және хабарламалар

14.1. Жеткізуші: «Armeta AI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, БСН 260640026959, орналасқан жері: Қазақстан, Астана қаласы, Есіл ауданы, Сығанақ көшесі, 60/2-ғимарат, пошталық индексі 010000.

14.2. Заңдық маңызы бар хабарламаларды жіберу мақсатында мынадай электрондық пошта мекенжайы пайдаланылады: hello@armeta.kz.

14.3. Көрсетілген электрондық пошта мекенжайына жіберілген хабарламалар жіберілгеннен кейінгі келесі жұмыс күні алынды деп есептеледі.

14.4. Жеткізуші осы шартты орындауға байланысты хабарламаларды жіберу үшін тіркеу кезінде көрсетілген Клиенттің байланыс деректерін пайдалануға құқылы.

14.5. Шоттар, актілер және өзге де жабу құжаттары электрондық құжат айналымы жүйелері арқылы ресімделуі және электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылуы мүмкін; мұндай құжаттар қағаз жеткізгіштегі құжаттарға тең.

15. Дербес деректерді өңдеу

15.1. Осы Офертаны орындау шеңберінде Клиент Жеткізушіге Клиент деректерінде қамтылған дербес деректерді өңдеуді тапсырады.

15.2. Клиент дербес деректерді өңдеудің мақсаттары мен мазмұнын айқындайтын тұлға (оператор) болып табылады, ал Жеткізуші Клиенттің тапсырмасы бойынша дербес деректерді өңдеуді жүзеге асыратын тұлға ретінде әрекет етеді.

15.3. Жеткізуші дербес деректерді тек осы шартты орындау мақсатында, оның ішінде Платформаға қолжетімділік беру, сметалық және жобалық құжаттаманы өңдеу, есептерді қалыптастыру, Платформаның жұмыс істеуін қамтамасыз ету және заңнама талаптарын сақтау мақсатында өңдейді.

15.4. Клиенттің Платформаны пайдалануы, оның ішінде деректерді жүктеуі Жеткізушіге Қызметтерді көрсету үшін қажетті көлемде дербес деректерді өңдеуге нұсқаулар беру болып саналады.

15.5. Жеткізуші:

  • дербес деректерді тек осы Офертаға және Клиенттің нұсқауларына сәйкес өңдеуге;
  • дербес деректердің құпиялылығын қамтамасыз етуге;
  • деректерді өңдеуге тек құпиялылық міндеттемелерімен байланысты уәкілетті қызметкерлер мен мердігерлерді жіберуге;
  • дербес деректерді қорғаудың қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шараларын, оның ішінде шифрлауды, қолжетімділікті бақылауды, журналдауды және резервтік көшірме жасауды қолдануға;
  • деректерді рұқсатсыз қол жеткізуден, жоюдан, өзгертуден, бұғаттаудан немесе таратудан қорғауды қамтамасыз етуге міндеттенеді.

15.6. Жеткізуші дербес деректерді өңдеу үшін үшінші тұлғаларды (қосалқы мердігерлерді, оның ішінде өзінің үлестес тұлғаларын және шетелдік бұлттық инфрақұрылымды жеткізушілерді) олар деректерді қорғаудың осы Офертада көзделгеннен төмен емес деңгейін қамтамасыз еткен жағдайда тартуға құқылы. Мұндай тұлғаларды тарту құпиялылық пен қауіпсіздік талаптарының сақталуына кепілдік беретін тиісті шарттар немесе заңды міндеттейтін өзге де келісімдер негізінде жүзеге асырылады.

15.7. Жеткізуші дербес деректерге байланысты расталған қауіпсіздік инциденттері туралы Клиентті олар анықталғаннан кейін негізсіз кідіріссіз, инциденттің сипатын және қабылданған ден қою шараларын көрсете отырып хабардар етуге міндеттенеді.

15.8. Егер дербес деректер субъектілерінің өтініштері Жеткізушіге түссе, Жеткізуші Клиентке олардың құқықтарын іске асыруға байланысты міндеттерді орындауда ақылға қонымды жәрдем көрсетеді.

15.9. Шарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін Жеткізуші, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше талап етілмесе немесе Платформа шеңберінде деректерді сақтау шарттарында көзделмесе, дербес деректерді жоюды не иесіздендіруді жүзеге асырады.

15.10. Клиент:

  • дербес деректерді Платформаға беру үшін қажетті құқықтары мен заңды негіздері бар екеніне;
  • егер бұл заңнамада талап етілсе, дербес деректер субъектілерінің қажетті келісімдерін алғанына;
  • деректерді Жеткізушіге беру үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбайтынына кепілдік береді.

15.11. Жеткізуші Клиент деректерді жинау және беру кезінде жол берген дербес деректер туралы заңнаманы бұзушылық үшін жауапты болмайды.

15.12. Осы бөлімнің талаптары Жеткізушінің сайтында және (немесе) Платформада орналастырылған Құпиялылық саясатымен бірге қолданылуға жатады. Қайшылық болған жағдайда осы Офертаның ережелері басым болады.

15.13. Егер осы Офертада өзгеше тікелей көзделмесе, Клиент деректерін сақтау мерзімдері Құпиялылық саясатына сәйкес айқындалады.

16. Сервис деңгейі (SLA)

16.1. Жеткізуші осы Офертада көзделген жағдайларды қоспағанда, әрбір күнтізбелік ай ішінде Платформаның уақыттың кемінде 99%-ы деңгейінде қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін ақылға қонымды күш-жігер жұмсайды.

16.2. Платформаның қолжетімділігі деп жүйеде авторизациялану, Платформаның негізгі функцияларына қол жеткізу және деректерді өңдеу нәтижелерін алу мүмкіндігі түсініледі.

16.3. Қолжетімділікті есептеу кезінде Платформа мынадай себептер бойынша қолжетімсіз болған кезеңдер есепке алынбайды:

  • жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізу;
  • іркілістер мен инциденттерді жоюға бағытталған авариялық жұмыстар;
  • еңсерілмейтін күш мән-жайлары (осы Офертаның 19-бөлімі);
  • Клиенттің, оның Пайдаланушыларының не үшінші тұлғалардың әрекеттері немесе әрекетсіздігі;
  • Жеткізушінің бақылауынан тыс желілік инфрақұрылымдағы, интернет-қосылымдағы немесе жабдықтағы іркілістер.

16.4. Жеткізуші Платформаның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы техникалық жұмыстарды жүргізуге құқылы. Мүмкіндігінше мұндай жұмыстар пайдаланушылардың белсенділігі ең төмен кезеңдерде жүргізіледі.

16.5. Платформа деректерді өңдеудің асинхронды архитектурасын пайдалана отырып жұмыс істейді. Тапсырмаларды орындау уақыты жүктелетін деректердің көлеміне, құрылымына және күрделілігіне, сондай-ақ есептеу ресурстарына түсетін ағымдағы жүктемеге байланысты.

16.6. Сызбалардан көлемдерді алу және файлдарды импорттау уақытына кепілдік берілмейді және ол 16.5-тармақта көрсетілген факторларға байланысты өзгеруі мүмкін.

16.7. Жеткізуші Платформаның үздіксіз, қатесіз және Клиенттің үміттеріне толық сәйкес жұмыс істеуіне кепілдік бермейді, алайда оның тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ақылға қонымды шаралар қабылдайды.

16.8. Платформаның қолжетімділігіне немесе дұрыс жұмыс істеуіне әсер ететін инциденттер туындаған жағдайда Жеткізуші оларды инциденттің сипаты мен күрделілігіне байланысты мерзімде жою бойынша ақылға қонымды шаралар қабылдайды.

16.9. Жеткізуші осы Офертада көрсетілген байланыс арналары арқылы жіберілген Клиент өтініштерінің жұмыс уақытында ақылға қонымды мерзімдерде өңделуін қамтамасыз етеді.

16.10. Егер Тараптар жазбаша нысанда өзгеше тікелей келіспесе, осы бөлімнің ережелері қандай да бір қаржылық өтемақылар немесе сервистік кредиттер беруді көздемейді.

17. Жауапкершілік

17.1. Жеткізуші міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тек объективті түрде дәлелденген кінәсі болған кезде ғана жауапты болады.

17.2. Клиенттің тек нақты залалы ғана өтелуге жатады; алынбай қалған пайда, жанама залалдар және Клиенттің кінәсінен деректердің жоғалуы өтелмейді.

17.3. Жеткізушінің жиынтық жауапкершілігі бұзушылыққа дейінгі 12 (он екі) ай ішінде Клиенттен алынған төлемдер сомасымен шектеледі.

17.4. Жеткізуші Платформа жұмысының нәтижелерін 8-бөлімде көзделген тексерусіз пайдаланудың салдары үшін жауап бермейді.

18. Мерзім және тоқтату

18.1. Шарт осы Офертаны акцептеген сәттен бастап күшіне енеді және осы Офертада немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған сәтке дейін қолданылады.

18.2. Оферта талаптары бұзылған жағдайда Жеткізуші Платформаға қолжетімділікті тоқтата тұруға құқылы.

18.3. Жеткізуші шартты орындаудан біржақты соттан тыс тәртіппен бас тартуға құқылы: а) хабарлама жіберілген күннен бастап — Клиент 11-бөлімді немесе 12.7-тармақты бұзған кезде, 2.5-тармақта көрсетілген мән-жайлар болған кезде не төлем мерзімі 15 (он бес) күнтізбелік күннен астам өткен кезде; б) кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын хабарлай отырып — себептерін көрсетпей, пайдаланылмаған толық айлар үшін төлемақыны қайтара отырып; бұл жағдайда Клиенттің өзге залалдары 17-бөлімнің шегінде өтеледі.

18.4. Клиент кез келген уақытта Платформаны пайдалануды тоқтатуға құқылы, бұл ретте бұрын жүргізілген төлемдерді қайтару осы Офертаның 5.8–5.13-тармақтарында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.

18.5. Зияткерлік меншік, құпиялылық, жауапкершілікті шектеу, деректерді өңдеу және қауіпсіздік туралы бөлімдердің ережелері шарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін де күшін сақтайды.

19. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары

19.1. Егер осы Оферта бойынша міндеттемелерді ішінара немесе толық орындамау Офертаны акцептегеннен кейін туындаған, Тараптар алдын ала көре алмаған немесе ақылға қонымды шаралармен болдырмай алмаған еңсерілмейтін күш мән-жайларының (оның ішінде дүлей зілзалалардың, әскери іс-қимылдардың, жаппай тәртіпсіздіктердің, эпидемиялардың, мемлекеттік органдар актілерінің, байланыс желілерінің, электрмен жабдықтаудың немесе Тараптардың бақылауынан тыс үшінші тұлғалар инфрақұрылымының жұмысындағы ауқымды іркілістердің) салдары болса, Тараптар бұл үшін жауапкершіліктен босатылады. Ақшаның болмауы еңсерілмейтін күш мән-жайы болып табылмайды.

19.2. Міндеттемелерді орындау мүмкін болмай қалған Тарап екінші Тарапты мұндай мән-жайлардың басталғаны және тоқтатылғаны туралы ақылға қонымды мерзімде, бірақ олар басталған сәттен бастап 10 (он) күнтізбелік күннен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.

19.3. Міндеттемелерді орындау мерзімі мұндай мән-жайлар қолданылған уақытқа мөлшерлес кейінге шегеріледі. Егер еңсерілмейтін күш мән-жайлары 2 (екі) айдан астам уақыт бойы қолданылса, Тараптардың әрқайсысы бұл туралы екінші Тарапты хабардар ете отырып, шартты біржақты тәртіппен бұзуға құқылы.

20. Қолданылатын құқық және дауларды шешу

20.1. Осы Оферта Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

20.2. Осы Офертадан туындайтын немесе оған байланысты даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер жолымен шешеді. Дауларды реттеудің сотқа дейінгі (наразылық) тәртібі міндетті болып табылады; наразылыққа жауап беру мерзімі ол алынған сәттен бастап 15 (он бес) күнтізбелік күнді құрайды.

20.3. Келісімге қол жеткізілмеген кезде дау «Астана» халықаралық қаржы орталығының Сотында (the AIFC Court) қаралуға жатады.

21. Қорытынды ережелер

21.1. Жеткізуші осы Офертаға біржақты тәртіппен өзгерістер енгізуге құқылы. Жаңа редакция Жеткізушінің сайтында және (немесе) Платформада орналастырылады және, егер жаңа редакцияда неғұрлым кейінгі мерзім көрсетілмесе, ол орналастырылған сәттен бастап 10 (он) күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына байланысты өзгерістер олар орналастырылған сәттен бастап күшіне енуі мүмкін.

21.2. Офертаның жаңа редакциясы күшіне енгеннен кейін Платформаны пайдалануды жалғастыру Клиенттің онымен келісетінін білдіреді. Жаңа редакциямен келіспеген жағдайда Клиент осы Офертаның 18-бөлімінде көзделген тәртіппен Платформаны пайдалануды тоқтатуға құқылы.

21.3. Осы Оферта қазақ және орыс тілдерінде жасалды. Екі мәтіннің де заңды күші бірдей.